Соңғы күндері әлеуметтік желілерде Өскемен қаласының іргесінде орналасқан Опытное поле ауылындағы су қоймасына белгісіз қара сұйықтықтың төгіліп жатқаны туралы видео тарап кетті.
Осыған орай ШҚО экология департаментінің өкілдері түсінік берді. Олардың айтуынша, тұрғындарға алаңдауға негіз жоқ.
«Видеода «Өскемен ЖЭО» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің №3 күл үйіндісін гидротазалау технологиялық процесі жүріп жатыр. Ол аумақ күл үйіндісі қалдықтарын жинақтаушы ретінде қолданылады. «Өскемен ЖЭО» ЖШС мекемесі штаттық режимде жұмыс істейді. Қазіргі уақытта онда апаттық жағдай тіркелген жоқ», – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін ШҚО-да тұрғындар наразылығын туғызған шошқа фермасы тексерілгенін хабарлаған едік.