Семей жастарының өкілдері алдағы жоспарларымен бөлісті
Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы Қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Semeynews.kz.
Қаулыға сәйкес, әкімшілік орталығы Семей қаласында орналасатын Абай облысы құрылды. Бұл бұрынғы Семей облысы тұрғындарына соңғы ширек ғасырдағы ең маңызды оқиғалардың біріне айналды.
«Бүгінгі күн қазіргі замандағы Қазақстан тарихында ерекше күн болды. Барлығымыз өте қуаныштымыз. Бізде, жастар өкілдерінде, орын алған мәселелерге және туындаған сұрақтарға енді назар аударады деген зор үміт бар. Бұл жастар үшін жаңа жұмыс орындары, жаңа мүмкіндіктер. Облысымызда жастарды қолдау бойынша жаңа мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асады және жұмыссыз жастар саны азаяды деп сенеміз», – деді «Жастар және балалар ұйымдарының Ассоциациясы» қалалық филиалының жетекшісі Эльзира Жүнісова.
Мемлекет басшысының бастамасына семейлік жас депутат Еркебұлан Тұрсын қолдау білдірді.
«Бүгін президент Абай облысын құру туралы Қаулыға қол қойды. Біз, жастардың өкілдері ретінде біздің қаламыздың, облысымыздың дамуына өз үлестерімізді қосатын боламыз. Жастарға көрсетілетін қолдаулардың барлық түрлерін бір орталыққа шоғырландыруды және қалада жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік беретін Жастар үйлерін ашуды ұсынамыз. Біздің өңірде отбасы институты нығайып келе жатқаны қуантады. Сондықтан біз жеңілдетілген несиелер бойынша жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған «Абай жастары» өңірлік бағдарламасын жүзеге асыруды бастаймыз», – деді қалалық мәслихаттың депутаты Еркебұлан Тұрсын.
Semeynews.kz