ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға облыс орталығында Ташкент көшесінде орын алған. Көше бойымен бағыт алған Subaru Impreza көлігінің жүргізушісі көлікті басқара алмай, қарсы жолаққа шығып кетіп, Toyota Land Cruiser Prado көлігімен соқтығысты.
«Subaru Impreza көлігінің 29 жастағы жүргізушісі оқиға орнында алған түрлі дене жарақаттарынан көз жұмды. Toyota Land Cruiser Prado көлігін тізгіндеген 71 жастағы жүргізуші мен 65 жастағы жолаушы әйел және кәмелет жасына толмаған бала түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жатқызылды», – делінген ведомство мәліметінде.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 345-бабы 3-бөлігіне (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуының адам өліміне әкеліп соғуы) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Semeynews.kz