
«Ел бойынша барлығы 230 адам қаза тапты, оның ішінде 19 әскери және күш құрылымдары қызметкері бар. Алматы қаласында ең көп адам қаза тапты, олардың саны – 139 адам.
Бүгінгі таңда әкімшілік ғимараттардың шабуылына тойтарыс беру кезінде және құқық тәртібін жүргізу барысында 86 шабуылдаушының көзі жойылғаны анықталды.
Қайтыс болған 53 адамның өлімінің мән-жайы анықталуда. Олар қала аумағында түрлі жарақаттармен, соның ішінде 48 оқ жарақатымен, 2 пышақ жарақатымен табылды, 3 адамның денесінен басқа күйік және басқа жарақаттар анықталды», – деді Берік Асылов «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының сауалына берген ауызша жауабында.
Сондай-ақ, ол құқық қорғау күштері басқа 7 өңірде әкімшілік, полиция және ҰҚК департаменті ғимараттарын қорғау кезінде 63 шабуылдаушының көзін жойғанын айтты.
«Бүгінгі таңда біз 20 азаматтың атысқа кездейсоқ тап болып, қайтыс болғаны туралы нақты білеміз. Оның 11-і Алматы қаласында, 8-і Алматы облысында және біреуі Тараз қаласында.
Олардың ішінде қиратушылардың қолынан қаза тапқандар, сондай-ақ блок-бекеттерде әскери талаптарға бағынбағандар да бар», – деді Бас прокурор.
Semeynews.kz