Қарлығаш Жармухаметованың еңбек жолы ерекше, ата салған сара жолды таңдап, қоғамдық тәртіпті сақтауда жан аямай қызмет етуде.
- Менің ішкі істер органдарында қызмет атқарып жүргеніме 18 жылдан аса уақыт өтіпті. 2003 жылы Павлодар заң колледжіне оқуға түсіп, оны 2005 жылы аяқтадым, алғашқы еңбек жолымды Семей қаласындағы тергеу изоляторында бастадым. Ол жерде 2016 жылға дейін қызмет атқарып, мол тәжірибе жинадым. Қазіргі таңда Семей қалалық Полиция басқармасында жедел басқару орталығы бастығының орынбасары лауазымында қызметімді жалғастырудамын, – деді Қарлығаш Жармухаметова.
Қарлығаш Қайратқызының атасы, әкесі құқық қорғау органдарында жұмыс атқарған. Ата жолын жалғап, әкесінің ізін басып келе жатқан Қарлығаш және оның сіңлісі – Арай. Арай капитан шенінде Нұр-Сұлтан қаласының қоныс колониясының кадр қызметінде аға инспектор. Қазіргі уақытта ол бала күтіміне байланысты демалыста. Әкесі Қайрат Тұрсынғалиұлы – Ауған соғысының ардагері, 1993 жылға дейін ішкі істер органдарында қызмет атқарып, құрметті еңбек демалысына шыққан. Атасы Тұрсынғали Омарұлы – Ұлы Отан соғысы мен ішкі істер органдарының ардагері. Ол зейнетке шықпас бұрын Семей қаласында орналасқан № 35 түзеу мекемесінде еңбек еткен екен. Сол кісінің арқасында Қарлығаштың оқуға түсуіне арнайы жолдама берілген.
- 1 наурыз – Алғыс айту күнінің қарсаңында, осындай халық тыныштығын сақтап, әділдік жолында қызмет етуге үлгі бола білген, өмір жолымды дұрысынан таңдауға жәрдемдерін тигізген атам мен әке-шешеме және жақындарыма үлкен алғысымды айтқым келеді. Сонымен қатар, алдарына қойылған жауапкершілікті сезініп, әрбір істі үлкен ынта-жігермен орындайтын әріптестеріме ризашылығымды білдіремін. Мерекелеріңіз құтты болсын!, – деп тіледі Қарлығаш Жармухаметова.
Semeynews.kz