Әлеуметтік желіде Үржар ауданының орталығында орналасқан орта мектеп директоры балаларға дауыс көтеріп жатқан аудиожазбасы тарады. Мектеп басшысы эмоцияға беріліп, балаларды коронавирусқа қарсы вакцина салуға шақырды. Білім министрлігінің баспасөз қызметі аталған фактіге байланысты тексеру басталғанын хабарлады.
– Мектеп директоры эмоцияға беріле сөйлеген жазбасы желіде тараған соң кешірім сұрады. Алайда, педагогикалық этиканың бұзылуына байланысты ШҚО әкімдігінің білім басқармасы мектеп директорын қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылдады. ШҚО білім басқармасы педагогикалық этика нормалары мен ережелерін сақтау қажеттілігі туралы түсіндіру әңгімелерін өткізді”, – деді БҒМ баспасөз қызметінде.
Министрлік мектеп заңнамалық тұрғыда әкімдікке тікелей бағынатынын айтты.
– Сондықтан балалар мен педагогтардың құқықтары бұзылған, сондай-ақ мұғалімдерді тән емес функцияларды орындауға тартқан жағдайда жергілікті білім басқармаларына немесе қажет болған жағдайда ҚР БҒМ Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаменттеріне жүгінуді сұраймыз”,- деді министрлікте.
Semeynews.kz