Алматыда «Желтоқсан – ел тәуелсіздігінің бастауы» деректі фильмінің тұсаукесері өтті
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен желтоқсан оқиғасының 35 жылдығы аясында Алматыда «Желтоқсан – ел тәуелсіздігінің бастауы» деректі фильмінің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Деректі фильмде 1986 жылы желтоқсан оқиғасына қатысушылардың тағдыры баян етіледі. Мұнда көрерменге бірегей архивтік кадрлар, эксклюзивті сұхбаттар ұсынылған, елдің саяси жаңару процесі қарапайым әрі түсінікті тілде айтылады.
Жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов деректі фильмнің маңыздылығын атап өтті.
«Фильм өте жақсы, шын мәнінде деректі болып шықты. Мұрағаттық құжаттар, хроника, желтоқсан оқиғасының куәгерлері мен қатысушылардың әңгімелері пайдаланылды. Алматы әкімдігінің қолдауымен желтоқсаншылардың тарихы мен рөлін объективті бағалау үшін тағы бір маңызды қадам жасалды», – деді жазушы.
Фильмнің премьералық көрсетіліміне Желтоқсан ұйымының өкілдері шақырылды. Олардың қатарында Нұрлыбек Қуанбаев, Гүлбаһрам Жүніс, Мырзағұл Тәжіғұлұлы, Үміт Босманова, Талғат Рысқұлбек, Гүлмира Баятқызы бар.
Айта кетсек, деректі фильмді «Алматы» телеарнасының шығармашылық тобы түсірді. Құрамында режиссер Атлан Бұлыбаев, редактор Айдана Шалқарова және продюсер Әйгерім Асқарбай бар. Түсірілім процесі шамамен 5 айға созылды.
«Алматы» телеарнасының бас директоры Нұржан Мұхамеджанова фильмнің тұсаукесерінде Желтоқсан оқиғасы ұлттық тарихта ерекше орын алатынын атап өтті.
«Желтоқсан қозғалысына қатысушыларды бостандық пен тәуелсіздіктің алғашқы қарлығашы деп атаған Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін тарихи әділ баға деп санауға болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында жарияланған «Тәуелсіздік – ең қымбат» мақаласында да сол оқиғалардың тарихи маңыздылығын, қатысушылардың, ұлт батырларының батыл рухын атап өтті», – деді ол.
Semeynews.kz.