Семейде Шәкәрім университетінде Желтоқсан құрбандарын еске алу кеші өтті
Семей қаласының Шәкәрім университетінде ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Желтоқсан» құрбандарын еске алу кеші өтті, деп хабарлайды Semeynews.kz.
Мұнда желтоқсан оқиғасына қатысқан университет қызметкерлері, Желтоқсан-86 қоғамдық бірлестігінің мүшелері Айтжанова Жанат Наукенқызы, Майшекина Гульмира Советқызы сөз сөйлеп, егемендік үшін күрескен ерліктері жөнінде ой өртті.
Іс-шараның мақсаты – Тәуелсіздіктің мәнін терең ашып түсіндіріп, қазақ халқының ізгі қасиеттерін ардақтап, ұлттық қасиетіміз бен құндылықтарымызды ұлықтап, Тәуелсіздікте жеткен мәңгілік еліміздің жетістіктерін дәріптеу.
– Күнделікті күйбең тірлік болатын. Біз асханадан асымызды ішіп,4 қабатқа көтеріле бергенімізде сырт жақтан айқай-шу естілді. Жатақхананың терезесінен қарағанымызда, бір топ ер балаларды байқадық. Олар “Қазақты қазақ басқару керек” деген ұранмен алаңға шықты. Бұған біз қарап тұра алмадық. Жол бойы Ш.Қалдаяқовтың “Менің Қазақстаным” әнін айтып бардық. Бәріміз осылай бейбіт шеруге шықтық. Алайда, осындай қозғалысқа ұласады деген ой мүлде болмады,-деді Желтоқсан оқиғасына қатысқан Гульмира Советқызы.
Шара соңында университет басшылығы желтоқсаншы қызметкерлерді арнайы алғыс хатпен марапаттап, ел егемендігінің 30 жылдығымен тағы бір мәрте құттықтады.
Semeynews.kz