Семейге «Астана Балет» театры гастрольге келді
«Астана Балет» театрының шығармашылық ұжымы Семейде гастрольдік сапармен өнер көрсетті, деп хабарлайды Semeynews.kz.
Гастроль Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда. Бұл күні Абай атындағы Қазақ мемлекеттік драма театрының сахнасында ұлттық хореографияның үздік үлгілері көрсетіліп, көрермен қауым қазақтың байтақ даласына саяхат құрғандай күй кешті.
- Біз Семейде бірінші рет болып отырған жоқпыз, бұл жерде біз алты жыл бұрын өнер көрсеткенбіз. Бұл біздің жұмысымыз туралы есеп берудің бір түрі. Біз «Ұлы Дала мұрасы» атты концерттік бағдарламасын көрсетеміз. Оған халықтық билер, ұлттық нашықтағы қазіргі заманғы хореография кіреді. Бұл бізді жақсы көретін және бізді жақсы білетін, біздің көрермендер үшін жақсы сыйлық деп ойлаймын. Біз Семейге әрқашан үлкен толқумен келеміз, себебі мұндағы көрермендер өте талапшыл, өнерге бейім. Сондықтан біз үздік туындыларымызды көрсетуге тырысамыз, – деді Қазақстанға еңбегін сіңірген қайраткер, «Астана Балет» театрының директоры Валерий Кузембаев.
Сонымен қатар бүгінгі кеште Мукарам Авахридің қойған бір актілі «Жусан» балетінен үзінді көрсетілді. Қойылымы отандық хореография тарихында ұлт тарихын суреттеген алғашқы бір актілі балет саналады. Бұл туындыда жусан бейнесі арқылы халқымыздың асқақ рухы, тарих қатпарларындағы қараңғы түнек пен жарқын күндердің тізбегі, жалпы, еліміздің мұқалмас қайраты сипатталған.
Айта кетейік, «Астана Балет» театры Абай атындағы драма театрының сахнасында бұған дейін де өнер көрсеткен. Алты жыл бұрын көрермен назарына «Шығыс рапсодиясы» концерттік бағдарламасы тарту етілген. Шығыс мәнерінде қойылған ғажайып, әсем билердің жиынтығы Қытай, Ресей, Франция, Әзірбайжан және Мажарстан елдерінің қалаларында да көрсетілген болатын. Осы бағдарламада топтастырылған хореографиялық миниатюралардың көркемдік тілі, қайталанбас бейнелері мен сәнді костюмдері – көрген жұртты елітпей қоймайды.
Semeynews.kz