Бұл туралы Курчатов қаласының әкімі Алексей Глазинский баспасөз конференциясы барысында айтты.
Оның мәліметінше, жыл басынан бері жұмысқа орналасу мақсатында 138 жас өтініш білдірген. Олардың жартысы уақытша жұмыс орындарына, ал 70 – і тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. Сонымен қатар, жастар тәжірибесі бағдарламасына 13 маман қатысты. Қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 20 адам жіберілді.
– Жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша жастарды оқыту жүргізілді. Қаланың кәсіптік – техникалық мектебінде олар электрик, электргазбен дәнекерлеуші, сантехник, іс жүргізуші, аспаз, бала күтуші, маникюр шебері, шаштараз, 1С бухгалтері мамандықтары бойынша даярланды, – деп хабарлады Алексей Глазинский.
Тоғыз жас маман өздерінің бизнес-жобаларын іске асыруға, атап айтқанда, кілем жуу компаниясын, кейтеринг агенттігін, косметолог кабинетін, денені сауықтыру студиясын, таксопаркті, жөндеу және IT-технологиялар бойынша қызмет көрсету сервисін ашу үшін 5 млн теңгеден астам сомаға мемлекеттік грант алды.
Жазғы кезеңде “Жасыл Ел” бағдарламасы бойынша 112 адам жұмыс тәжірибесін алып қана қоймай, қаланы абаттандыруға өз үлесін қосты.
Semeynews.kz