ҚоғамСемейТОП

Семейде сәулет бөлімінің басшысы жазаланады

Семей әкімі Бақытжан Байахметов сәулет және қала құрылыс бөлімінің жұмысын қанағаттанарлықсыз деп атады, деп хабарлайды Semeynews.kz.

Семей қалалық әкімдігінің хабарлауынша, кеңейтілген аппараттық кеңесте сондай-ақ қаланы қысқы безендіру бойынша іс-шараларды дайындау мәселесі қаралды. Сәулет және қала құрылысы бөлімімен екі бағыт бойынша жұмыстар жүргізу жоспарлануда: Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және жаңа жылдық безендіру. Бірақ бөлім жұмысының бұл жоспарын қала әкімі сынға алды.

«Тұңғыш Президент Күніне, Тәуелсіздік күніне орай көшелерді безендіру туралы бір де бір сөз айтылған жоқ. Қысқы безендірудің эскиздік жобалары бекітілмеген, сметалық құжаттама әзірленбеген. Бірде-бір жоба қаржылық тұрғыдан бекітілмеген», – деп Бақытжан Байахметов көшелерді қысқы безендіру жұмысындағы кемшіліктерді атап өтті.

Кеңейтілген аппараттық кеңестің қорытындысы бойынша сәулет және қала құрылысы бөлімінің жұмысы қанағаттанарлықсыз деп танылды. Бөлім басшысына қатысты жұмысқа немқұрайлы қарағаны үшін әкімшілік жазалау шаралары қабылданатын болады.

Кеңес соңында қала әкімі бұл күндері қарды уақытылы шығаруды бірінші кезектегі міндет деп атады. Қар жауғаннан кейін қала көшелерінен 500 текше метрге жуық қар шығарылды. Сонымен қатар, қаланың негізгі алаңдарынан да сондай көлемде қар шығарылды. 1000 текше метрден астам жол құм-тұз қоспасымен себілді. Сондай-ақ, негізгі және қосалқы көшелерде кеңейту және грейдерлеу жұмыстары жүргізілді.

«Бұл жұмыс тиісті қызметтердің тұрақты бақылауында болуы керек», – деп қорытындылады Бақытжан Байахметов.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button