
ШҚО ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, Көші-қон қызметкерлері күнделікті облыс аумағында қос азаматтығы бар адамдарды анықтау бойынша жұмыстар жүргізуде.
Қос азаматтықпен жүрудің себептерінің бірі- бұл карантиндік шектеулер кезеңінде мемлекеттік шекараны кедергісіз кесіп өту, төтенше жағдайлар туындаған кезде шұғыл эмиграция мүмкіндігі, жаппай тәртіпсіздіктер, қылмыстық қудалау, эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы, материалдық артықшылықтар алу, атап айтқанда зейнетақы есебі, бала тууы кезіндегі жәрдемақы, жоғары оқу орындарына түсу кезінде жеңілдік шарттары болып отыр.
- Жыл басынан бері 800-ден астам адам Қазақстан азаматтығынан айыру тіркелді. Негізгі бөлігі – Ресей Федерациясының азаматтығын қабылдаған тұлғалар. Қос азаматтық үшін 85 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде шетелдік азаматтықты алу фактісі туралы белгіленген мерзімде хабарламағаны үшін – 24, Қазақстан Республикасының паспорты мен жеке куәлігін пайдаланғаны үшін – 61 адам жауапкершілікке тартылды, – деді ведомствода. ⠀
Қос азаматтықтың тағы бір жағдайы Шемонаиха ауданының Көші-қон қызметінің қызметкерлері анықтады. Тәртіп сақшылары 2013 жылы Саратов облысында Ресей Федерациясының азаматтығын алған, 63 жасар қала тұрғынын анықтады. Зейнеткер әйел заңнаманы елемей, Қазақстанда тұрып, ҚР азаматтарының құжаттарын пайдаланып, бұл ретте қазақстандық зейнетақы алып, осы күнге дейін мемлекеттік қызметтерді пайдаланып келген.
- Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке басын куәландыратын құжаттары алынып, азаматтығынан айырылғаны тіркелді. Құқық бұзушы ҚР ӘҚБтК- нің 496-бабы бойынша 100 АЕК көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды,- деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.
Көші-қон қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес елде қос азаматтыққа жол берілмейтінін және елдің заңнамасын сақтауды сұрайтынын еске салады.
Semeynews.kz