
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында биыл 30 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында көпірде болған жол апатының мән-жайына қатысты сауал қойылды.
«Иә, аталған жол-көлік оқиғасы қоғамды бейжай қалдырмады. Қазіргі таңда елорданың полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Нақты айтқанда, Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-тармағына сәйкес жол ережесін бұза отырып, 2 немесе одан да көп адамның өліміне себеп болу және 347-баптың 1-тармағына сәйкес оқиға орнынан кетіп қалуға қатысты тергеу жүріп жатыр. Апат орнынан қашып кеткен күдікті ұсталды. Күдікті деп танылған 19 жастағы елорда тұрғыны бүгінде 2 айға уақытша қамауға алынды. Жол апатының уақытына келсек, ол бізде нақты тіркелген. Түнгі сағат 00:18-де болған. Бұл – біздегі ресми дерек», – деп жауап берді ҚР ІІМ тергеу департаментінің басшысы Санжан Әбілов.
Естеріңізге сала кетейік, 30 қыркүйекте сағат 00:34 шамасында Toyota Camry автокөлігінің 19 жастағы жүргізушісі Есіл өзені арқылы өтетін көпірден Сарайшық көшесіне қарай келе жатып, жылдамдықты асырған. Артынша рөлді басқара алмай, қарсы қозғалыс жолағына шығып, Nexıa Ravon автокөлігімен соқтығысқан. Ол көліктің тізгінінде 28 жастағы жүргізуші болды.
Жол апатынан 5 адам қаза тауып, 1 адам жарақат алды.
Оқиға орнында екі жүргізуші, үш жолаушы қайтыс болды. Toyota Camry автокөлігінің бір жолаушысы ауыр халде қала ауруханасына жеткізілді.
Semeynews.kz