
ШҚО ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, полицейлер осыдан 13 жыл бұрын жасалған қылмысты ашты.
Еске сала кетейік, 2008 жылдың сәуір айында «Аягөз- Қарағанды» тас жолының бойында 35 жастағы Аягөз ауданы тұратын әйел адамның мәйіті табылған. Осы аса ауыр қылмысты ашу бойынша алғашқы тергеу әрекеттері нәтиже бермеді, қылмыскердің жеке басын анықтау мүмкін болмады.
Оған қарамастан, іздеу жұмыстары бір күнге де тоқтатылған жоқ. Ағымдағы жылдың қазан айында полицейлер күдіктінің «ізіне» түсті. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде тәртіп сақшылары Риддер қаласының 51 жастағы тұрғынын ұстады. Күдікті алдына жиналған дәлелдемелер мен «айғақтарды» ұсынғаннан кейін бірден осы қылмысты жасағанын мойындады. Күдіктінің айтуынша, осы қылмысқа бару себебі, сүйіктісіне деген қызғанышы болған. Марқұм әйел сол кезде олармен бірге бір компанияда демалған және күдіктінің ер адамына тым көп көңіл бөлген екен. Соңында, күдікті адам марқұмды пальтоның белбеуі арқылы қылқындырып өлтіргені анықталды.
«Күдікті сот санкциясымен қамауға алынды, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу жалғасуда және егер ол кінәлі деп танылса, оған 20 жылға дейін жаза немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін», – деді ШҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.
Semeynews.kz