
ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 16 қазанда Глубокое ауданы Прапорщиково ауылы Трудовая көшесінде орналасқан жеке тұрғын үйдің ауласындағы монша өртенді. Өрт сөндірушілермен 25 шаршы метр алаңдағы өрт сөндірілді. Өрттің шығу себебі – отты абайсыз қолданудан болуы мүмкін.
«Сол күні Өскемен қаласындағы саяжай учаскесінің аумағында гараж шатыры мен жапсарлай салынған монша өртенген. Тілсіз жау гаражда тұрған 2003 жылы шығарылған «Toyota Highlander« маркалы автокөлігіне тараған. Ал Үржар ауданында жеке тұрғын үйдің ауласында жиналған 36 тонна пішен жанған. Алдын ала мәлімет бойынша өрттің шығуына – балалардың отты абайсыз қолдануы себеп болды. Осындай пішен өрті Күршім және Зайсан аудандарында да тіркелді», – деп көрсетілген баспасөз ақпаратында.
17 қазанда Семей қаласында жер үй ауласындағы шаруашылық қора-жайдың ағаш құрылымдарын жалын шарпыды. Оқиға орнына шұғыл келген құтқарушылар тілсіз жауды сөндірді.
18 қазан күні Бесқарағай ауданында жеке тұрғын үйдің шатыры, қабырғалары мен монша жанды. Өрттің жалпы ауданы 12 шаршы метрге жеткен. Оттың шығу себебі – пешті орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамаудан болуы ықтимал.
Semeynews.kz