
Үш жүзден астам білім алушылар университеттің бас ғимараты мен жатақханалар аумағында сенбілік өткізді. Бірлесе отырып, құрғақ жапырақтарды жинап, қоқыстарды шығарып, гүлдерді арамшөптерден тазалады.
– Бүгін өзіміз тұрып жатқан жатақхананың аумағын тазарту үшін ерте тұрдық. Қыздар жағы ауланы сыпырып, балалар қоқыс шығарды. Жақсы уақыт өткіздік, би биледік, дәмді палау жедік, – дейді С.Аманжолов атындағы Жоғары колледждің “Бастауыш білім беру мұғалімі” мамандығының студенті Ангелина Гостеева.
Сенбіліктен кейін студенттер үшін екі қазан палау, сусын дайындалды. Барлығы, би билеп, таза ауада жақсы уақыт өткізді.
– Еңбектің бағаланғаны қуантады, әрине. Кез-келген адам, әсіресе, студенттер тұратын жерін таза ұстап, ортақ тәртіпке бағынулары керек. Сенбіліктен кейін біз би билеп, ректормен әңгімелесіп, сұрақтарымызды қойдық. Айтпақшы, палау өте дәмді, көп рахмет, – деді С.Аманжолов атындағы ШҚУ университетінің “Ақпараттық жүйелер” мамандығының студенті Айболат Еркінбек.
Айта кетейік, студенттермен бірге сенбілікке ЖОО ректоры Мұхтар Төлеген де шықты. Жастарға қолдау көрсетіп, тазалық акциясына қатысты.
– Студенттермен әңгімелесіп, олардың сұрақтарына жауап бердім. Жатақхана ережелері, тазалық пен тәртіп туралы айттым. Тәртіп болған жерде жақсы білім де болады. Біз қазір бәріміз бірге, әсіресе, бірінші және екінші курс студенттеріне көмектесуіміз керек, себебі олар студенттік өмірге енді кірісіп көріп жатыр. Бұл ретте жастарға “Онлайн әлде офлайн оқыған жақсы ма?» деген сұрақ қойдым. Жауап өзгеріссіз, барлығы дәстүрлі түрде оқығысы келеді. Өйткені студенттік өмір – бұл достармен танысу, үйірмелер, іс – шаралар. Офлайн, ең алдымен, онлайн оқудан гөрі көбірек білім алуға болатын оқу түрі, – деді Шығыс Қазақстан университетінің ректоры Мұхтар Төлеген.
Сондай-ақ, Мұхтар Төлеген студенттерді кураторға, деканатқа немесе тікелей ректорға әлеуметтік желілердегі аккаунттары, сайттағы блогы арқылы сұрақтарын жолдап, мәселелерін ашық жеткізуге шақырды.
Semeynews.kz