
ШҚО ПД баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Көкпекті АПБ Самар ПБ «102» жедел арнасына 33 жастағы ер адам хабарласып, Новостройка ауылынан 6 шақырым жерде орналасқан Бұқтырма су қоймасының жағасында тұрған «BRP» гидроциклін белгісіз тұлғалар ұрлап кеткенін хабарлаған. Шығын көлемі 5 000 000 теңгені құрады.
Иесі гидроциклді 2015 жылы сатып алған. Ол көлігін Бұқтырма су қоймасының жағалауындағы базадан 200 метр қашықтықта, қараусыз және күзетсіз қалдырған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында жағалауда орналасқан базалардың бірінің бейне бақылау камераларын қарау кезінде судың жағасында тұрған гидроциклді батыс бағытта итеріп жатқан белгісіз үш адам анықталды.
- Бейнабақылау камераларында сол күні түнде «Көкпекті-Васильев өткелі» тасжолына қарай жолмен тіркемесі бар автомашина өтіп бара жатқаны көрінген. Жедел уәкілдер бейнежазбаның көмегімен «Чечек» ауданында қаскөйдің автокөлігін анықтады. Оның иесі Риддер қаласының 35 жастағы тұрғыны болып шықты. Самар ПБ криминалдық полиция қызметкерлері дереу Риддер қаласына жетіп, Риддер қалалық ПБ қызметкерлерімен бірге 20-35 жас аралығындағы ұрлыққа қатысы бар үш жергілікті тұрғынды ұстады, олар тергеу барысында кінәларын мойындады, – деп түсіндірді баспасөз қызметінде.
Ұрланған гидроцикл иесіне қайтарылды.
Қаскүнемдерге қатысты ҚР ҚІЖК-нің 141-бабына сәйкес «ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат» түрінде процессуалдық шара қабылданды.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 188-бабы 3-бөлігі 1-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Semeynews.kz