
Өскемен әуе айлағын реконструкциялау жұмыстары аяқталып қалды. Жақын арада мұнда жарық-дабыл жабдығы орнатылады және техникалық қызметтердің бір бөлігі орналасатын ғимарат салынады.
Әуежайды жаңғырту барысында ескі ұшу-қону жолағына жаңа әрі заманауи жабын төселді. Сонымен қатар, оның ұзындығы 2800 метрге, ені 60 метрге дейін кеңейтілді. Жаңа ұшу-қону жолағы әлемдік стандарттарға сәйкес келеді және жоғары кластағы ұшақтарды қабылдауға, бағыттар санын ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Қазір ШҚО-на әуежайларды сертификаттайтын арнайы комиссия да келді. Сондай-ақ, Азаматтық авиация комитеті мамандарының басшылығымен әуежайдың ұшу-қону жолағы арнайы тесттен өткізіледі.
Аймақ басшысының айтуынша, Өскемен әуежайы соңғы рет 1996 жылы жөнделген. Сондықтан, жаңартатын уақыт жеткен.
«Биыл 1-қазанда облыс орталығының әуежайы жұмысын қайта бастайды», – деді Д.Ахметов.
Айта кету керек, әкім ұшып келетін жолаушыларға ыңғайлы болу үшін әуежай ғимаратын қайта жаңғырту жобасы бойынша құжаттама дайындауды тапсырды.
Semey News