
ШҚО ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға 10 тамызда сағат 16:00 шамасында Бұқтырма су қоймасында, Сарыбел ауылында орналасқан демалыс базасында орын алған. Белгілі болғандай, үш адам резеңке қайықпен су айдынында серуендеуге шыққан. Қатты жел көтеріліп, жүзу құралын лезде өзімен бірге сүйретіп әкеткен. Демалыс базасының әкімгері дереу учаскелік полиция инспекторына хабарлаған.
- Осы уақытта қайық ішіндегі адамдар өз күштерімен қайықты жағаға ескен, алайда қайық аударылды. Оқиға орнына келген Самар полиция бөлімінің учаскелік инспекторы полиция лейтенанты Тілек Елтаев дереу көмекке ұмтылып, аударылған қайыққа дейін жүзіп барып, адамдардың қайыққа отыруына көмектесіп, оларды аман-есен жағаға алып келді. Уақытылы көрсетілген көмек, қайғылы жағдайдың алдын алуға көмектесті, – деп түсіндірді баспасөз қызметінде.
Атап өтейік, бұған дейін ШҚО ТЖД күтілетін дауылды ескертуді хабарлаған болатын.
Semey News