ШҚОҚоғамТәуелсіздікке 30 жылТОПШҚО

ШҚО-да Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 3 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылды

Мерейтой күніне арналған негізгі іс-шаралар туралы ШҚО әкімінің орынбасары Азамат Мұхамедчинов айтып берді, деп хабарлайды Semey News.

Жыл басында тиісті жоспар бекітілді. Оның жүзеге асырылуын ШҚО әкімі Даниал Ахметов бастаған өңірлік штаб үйлестіреді.

Басты идеология – Тәуелсіздіктің негізгі жетістіктерін, Елбасының тарихи рөлін көрсету, әлеуметтік жобаларды іске асыру және шығармашылық бастамаларды қолдау.

Жыл басынан бері облыста 3 мыңнан астам түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылды. Облыстық жоспар аясында «Nur Otan» партиясымен бірлесіп, түрлі бағыттар бойынша 104 іс-шара жүзеге асырылды. Оның ішінде екі халықаралық іс-шара, 66 республикалық.

Брифинг барысында Азамат Мұхамедчинов ең ірі жобаларға тоқталды.

Мәселен, Өскеменде «Жастар шығармашылығы – Қазақстанның инновациялық дамуына» атты Халықаралық ғылыми-техникалық конференция өтті. Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталықта АҚШ Қорғаныс министрлігі мен Қазақстандағы АҚШ елшілігі өкілдерінің қатысуымен ядролық қаруды таратпау мәселелері бойынша кездесу өтті.

Жыл көлемінде Қазақстан халқы Ассамблеясы желісі бойынша этносаралық келісімді сақтау және қазақстандық бірегейлікті нығайту бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде.

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша өңірде саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық оңалту жөніндегі комиссия құрылды. 10 бағыт бойынша жұмыс топтары іске кірісті.

Қазіргі уақытта мамандар облыстың мемлекеттік мұрағатының және арнайы мұрағаттардың 26 қорын зерделеуде.

Сондай-ақ, Шығыс Қазақстанда ақталмаған саяси қуғын-сүргін құрбандарын іздеу бойынша бірегей электрондық база әзірленді. Бұл өтініш берушілердің қуғын-сүргінге ұшырағандары туралы мәліметтер жинауды автоматтандыруға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта 1017 адамға арналған сауалнамалар енгізіліп, 59 қор бойынша 4,5 мыңнан астам сақтау бірлігі қаралды.

Қазақ ақыны, жырау, айтыскер Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай “Жамбыл Жабаев мұрасы және қазақ руханияты” атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Қорытынды бойынша ақын мұрасын патриоттық тәрбие беруде пайдалану, ұлттық құндылықтарды сақтау және насихаттау бойынша ұсынымдар әзірленді.

Барлық іс-шараларға жастар белсенді қатысады. Олар ғылыми және шығармашылық жобаларды жүзеге асырады, волонтерлік және қайырымдылық қызметпен айналысады, экологиялық акциялар өткізеді, қалалар мен ауылдарды абаттандыру мен көгалдандыруға қатысады.

Қашықтық форматында “Jastar Time” облыстық ІТ-хакатон, “Смарт Сарбаз” компьютерлік таланттар чемпионаты, “СтартПрофи – Shygys” кәсіби бағдар беру кездесулері, түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша онлайн Бос орындар жәрмеңкелері, “Киелі табиғат” экологиялық акциясы өтті.

Шығыс Қазақстан облысының түрлі жастағы тұрғындары “Мен үшін Тәуелсіздік деген не?” атты республикалық арнайы жобаға қатысып, әлеуметтік желілерде 56 пост жариялады.

Жастар үшін “Болашақ” бағдарламасының түлектерімен, “Тәуелсіздік тұлғалары” облыстық жобасы аясында “100 жаңа есім” жобасының жеңімпаздарымен кездесулер өткізілді.

Шығысқазақстандық отбасылар “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауына белсене қатысып, 232 отбасы өз жетістіктерін көрсетті. Оның ішінде еңбек династиялары, интернационалдық, көп балалы отбасылар, шығармашылық отбасылар, меценаттар, еріктілер бар.

“Игі істер марафоны” ұлттық жобасының аясында екі мыңнан астам әлеуметтік және қайырымдылық акциялары ұйымдастырылып, 16 мыңнан астам облыс тұрғыны көмек алды.

Semey News

Осы айдарда

Back to top button