Абай облысыТОП

Кеңейтілген аппараттық кеңес өтті

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында облыстың 2026 жылғы қаңтар-наурыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының іске асырылу барысы және су заңнамасы талаптарының сақталуы мәселелері талқыланды.

Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережим арқылы қосылды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Теміржанов, Ертіс бассейндік су инспекциясының басшысы Медет Жәдігер баяндады.

Облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары бойынша негізгі салаларда оң динамика сақталып отыр. Бірінші тоқсанда қысқа мерзімді экономикалық индикатор 104,1%-ды құрап, республикалық көрсеткіштен жоғары болды. Өнеркәсіпте 103,2 %, ауыл шаруашылығында 103,5%, инвестицияда 121,8%, тұрғын үй құрылысында 141,3%, сондай-ақ, көлік және сауда салаларында да тұрақты өсім қамтамасыз етілді. Тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші бойынша өңір республикада 1-інші орынға шықты.

Жыл басынан бері облыстық бюджетке 207,8 млрд теңге салық түсіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда едәуір өсім тіркелді. Өңірде инвестициялық белсенділік сақталып, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 83,9 млрд теңгені құрады. Қазіргі таңда жалпы құны 4,3 трлн теңгеден асатын 107 инвестициялық жоба іске асырылып, 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Ауыл шаруашылығы саласында да оң нәтиже бар. Жалпы өнім көлемі өсіп, мал басы көбейген. Сонымен қатар су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары кеңейіп, озық технологиялармен қамтылған алқап көлемі ұлғайды.

Салықтық базаны кеңейту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Бірінші тоқсанда 63 салық төлеуші басқа өңірлерден облысқа қайта тіркеліп, бюджетке 422,3 млн теңге қосымша түсім түскен. Бұл бағыттағы жұмыстар Семей, Курчатов қалалары мен бірқатар аудандарда жолға қойылған.

Жиында биылғы жылдың алғашқы тоқсаны қорытындысы бойынша қала мен аудан әкімдерінің қызметіне жүргізілген рейтингтік бағалаудың нәтижесі жарияланды. Жалпы рейтинг 83 көрсеткіш бойынша қалыптастырылған. Оның қорытындысы бойынша Абай, Бесқарағай, Жаңасемей аудандары алғашқы үштіктен көрінді. Ал Курчатов қаласы, Бородулиха және Көкпекті аудандары рейтингтің төменгі сатысынан көрінді.

Жиында Мемлекет басшысының экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында барлық салалар бойынша жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігі атап өтілді.

Аймақ басшысы кеңейтілген кеңесте облыс экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз ету бағытындағы жүргізілген жүйелі жұмысты одан ары жалғастыру қажеттігін айтты. Үш айдың қорытындысы бойынша төмен көрсеткіштерге жол берген қала-аудан әкімдеріне кемшіліктерді жою үшін тиісті шаралар қабылдауды, бұл бағыттағы жұмысты жандандыруды тапсырды.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықтың әл-ауқаты мен бюджет тұрақтылығы – тікелей осы көрсеткіштердің орындалуына байланысты. Әрбір сала бойынша нақты нәтижеге жұмыс істеу қажет. Әкімдер мен басқарма басшылары өз бағыттары бойынша жауапкершілікті күшейтіп, жоспарланған көрсеткіштердің толық орындалуын қамтамасыз етуі тиіс, – деді Берік Уәли.

Су заңнамасының сақталуы бағытында облыста қажетті құқықтық актілер қабылданып, су қорғау аймақтарын белгілеу жұмыстары басталды. Су нысандарын тазалау, жағалауды нығайту және су тасқынының алдын алу шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Сонымен қатар заңсыз су пайдалану мен рұқсатсыз құрылыс фактілерін анықтау және алдын алу бойынша бақылау күшейтілді.

Облыс әкімі жауапты басқармалар мен әкімдіктерге су қорғау аймақтарын толық айқындап, тиісті белгілер орнату, су нысандарын санациялау жұмыстарын күшейту, суармалы жерлер бойынша нақты деректерді ұсыну, ауыз суға арнайы рұқсаттарды рәсімдеу және су қорғау белдеулерінде заңсыз құрылысқа жол бермеу міндетін жүктеді.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button