Білім және инновация жаңа Конституция шеңберіндегі стратегиялық басымдық ретінде

Семей қаласындағы №21 орта білім беретін мектепте Жалпыұлттық коалицияның Абай облыстық филиалы мүшелерінің дәстүрлі кездесуі өтті. Жиында спикер ретінде коалицияның өңірлік филиалының мүшелері Марат Құрманбай және Темірлан Бахтияров сөз сөйледі.
Абай облыстық мәслихатының депутаты Марат Құрманбай білім, ғылым және инновацияны дамыту мәселесіне ерекше назар аударды. Ол білім саласы болашақ ұрпақ үшін стратегиялық басымдық екенін атап, жаңа Конституцияның мықты мемлекет пен әділетті қоғам қалыптастыруға, сондай-ақ әрбір азаматтың әлеуетін толық ашуға бағытталғанын жеткізді.
Коалиция мүшесі Темірлан Бахтияров өз сөзінде жастарды қолдаудың маңыздылығына тоқталып:
«Білім – біздің басты капиталымыз. Жастарға инвестиция салмай, елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету мүмкін емес», – деді.
Кездесу қорытындысында спикерлер білім алуға, инновацияларды дамытуға және әлеуметтік бастамаларды қолдауға бағытталған бағдарламаларды күшейтудің стратегиялық маңыздылығын атап өтті.



