Мемлекеттік көрсетілетін қызмет алушының бұзылған құқығы қалпына келтірілді

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Абай облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган болып табылады, және өз құзыреттілігі шегінде мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын қамтамасыз етеді.
Департаментпен 2025 жылы барлығы 32 тексеру жүргізілді. Оның ішінде 15-і жоспарлы, ал 17-сі жоспардан тыс тексерулер болды, яғни бұл тексерулер азаматтардың өтініштері негізінде жүргізілді. Тексеру нәтижесінде 2000-нан астам заңбұзушылық анықталды. Олардың қатарында мемлекеттік қызметтерді уақытылы көрсетпеу, негізсіз бас тартулар және өзге де бұзушылықтар бар.
Жүргізілген тексерулер нәтижесінде 28 қызмет алушының құқықтары қалпына келтірілді.
Облыс аудандарының бірінде азаматтарға жер учаскелерін жалға алу мерзімін ұзартудан негізсіз бас тартылған. Бұл жерде мәселе коммерциялық нысандарды, тұрғын үйлерді, аялдама кешендерін және гараждарға қызмет көрсету мақсатында жер учаскелерін пайдаланған 18 тұрғын туралы болып отыр. Департаменттің ұсынымы негізінде жалға алу мерзімдері ұзартылып, бүгінде азаматтар өз учаскелерін заңды түрде пайдалануды жалғастыруда.
Мемлекеттік қызметтер әртүрлі салаларды, соның ішінде әлеуметтік бағытты да қамтиды. Департамент тарапынан көпбалалы отбасылар мен атаулы әлеуметтік көмек алушылардың құқықтары қалпына келтірілді. Бұған дейін оларға жәрдемақы тағайындаудан негізсіз бас тартылған болатын. Департаментпен қабылданған шаралар негізінде 5 азаматқа жалпы сомасы 1,2 миллион теңгеден астам мөлшерде тиесілі төлемдер тағайындалды.
Бақылау тиімділігін арттыру мақсатында заманауи құралдарды, атап айтқанда қызмет берушілердің ақпараттық жүйелері арқылы қашықтан мониторинг жүргізуді белсенді қолданамыз. Бұл азаматтардың ресми өтініштерін күтпей-ақ заңбұзушылықтарды анықтауға және олардың құқықтарын қорғау бойынша шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.
Мысалы, аудандардың бірінде көпбалалы отбасылардың өздері тұрып жатқан тұрғын үйді жекешелендіру туралы өтініштері ұзақ уақыт қараусыз қалған. Департамент аудан әкіміне ұсынымдар жолдады, соның нәтижесінде өтініштер жедел қаралды. Нәтижесінде 4 отбасы тұрғын үйін жекешелендіріп, өз үйлерінің меншік иесі атанды.
Департамент алдағы уақытта да мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, заңбұзушылықтарды анықтау және жою, сондай-ақ азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында жүйелі жұмысты жалғастырады.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті



