Абай облысы

Абай облысында «Arai East Food» кәсіпорны ұжымымен конституция жобасы талқыланды

Семей қаласындағы «Arai East Food» ЖШС өндірістік алаңында кәсіпорын еңбек ұжымымен кездесу өтті. Басқосу «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалициясының бастамасымен ұйымдастырылды.

Кездесуге өңірлік коалиция мүшелері қатысып, кәсіпорын қызметкерлерімен пікір алмасты.

Кездесу барысында қатысушыларға Жаңа Конституция жобасының негізгі мазмұны мен ұсынылып отырған өзгерістердің мәні жан-жақты түсіндірілді. Алдағы 15 наурызда өтетін республикалық референдумның маңызы және оның елдің құқықтық дамуына ықпалы туралы айтылды.

Спикерлер жаңа жобада азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге, құқықтық жүйені жетілдіруге және қоғамның тұрақты дамуына бағытталған нормалар қарастырылғанын атап өтті.

Жиында өңірлік коалиция мүшелері Қуаныш Сүлейменов, Ұлан Сағадиев және Қайрат Смағұлов сөз сөйлеп, конституциялық өзгерістердің мазмұны мен олардың ел дамуына ықпалы жөнінде өз ойларын ортаға салды.

Кәсіпорын ұжымы да талқылауға белсенді қатысып, өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Қатысушылар алдағы референдум ел болашағына қатысты маңызды шешім қабылданатын кезең екенін атап өтті. «Arai East Food» ЖШС заңгері Аслан Алдабергенов кездесудің маңызына тоқталды:

«Бүгін өңірлік коалиция мүшелері біздің кәсіпорынға келіп, еңбек ұжымымен ашық кездесу өткізді. Жаңа Конституция жобасы туралы жан-жақты түсіндірме берілді Көтерілген басты тақырып – жаңа Конституциядағы еңбек қатынастары мәселесі. Әсіресе еңбек қатынастарына, азаматтардың құқықтарын қорғауға қатысты нормалар қызметкерлер үшін маңызды. Ұжымымыз жаңа жобаны қолдайды», – деді ол.

Кездесу ашық әрі мазмұнды диалог форматында өтті. Ұжым өкілдері жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарына қолдау білдірді.

Қазіргі уақытта Абай облысында Жаңа Конституция жобасын түсіндіру және қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өңірде 13 коалиция (1 облыстық және 12 қала мен аудандарда) құрылған. Коалиция құрамында 290 адам, оның ішінде өңірлік деңгейде 53 адам жұмыс істейді. Желілік жоспарға сәйкес 765 іс-шара өткізу көзделген.

Абай облысы мәслихатының баспасөз қызметі

Осы айдарда

Back to top button