Аягөз қаласындағы 600 орындық мектеп ІІ тоқсанда ашылады

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Аягөз ауданына барып, аудан орталығындағы бірнеше нысанды аралады.
Аймақ басшысы әуелі Аягөз қаласында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 600 орындық мектепке барды. Білім ордасы ІІ тоқсанда пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Үш қабатты жаңа мектепте заман талабына сай 35 пәндік кабинет, зертханалар, 256 орындық асхана, 150 орындық акт залы, екі спорт залы, кітапхана және оқу залы қарастырылған.
Облыс әкімі мердігерлерге жұмысты сапалы әрі уақтылы аяқтауды тапсырды.
Ата-аналар мен оқушылар мектептің ашылуын көптен бері күтіп жүр. Мектеп әдемі де сапалы салынған. Жаңа мектеп бой көтерген ықшам ауданда 600-ге жуық бала тұрады. Жаңа білім ордасы пайдалануға берілгеннен кейін олардың барлығы осы жерде сапалы білім алатын болады, – деді аймақ басшысы.
Қазіргі уақытта облыста «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында екі мектеп салынып жатыр. Семейдің Шығыс кентінде 300 орындық мектептің құрылысы жүргізілуде. Жалпы облыстағы 8200 орын тапшылығының 31 пайызы осы жобамен салынып жатқан 5 мектеп есебінен шешілмек. Қалған тапшылықты жою үшін республикалық бюджет есебінен алдағы үш жылда 11 мектеп салу жоспарланған.
Апатты жағдайда деп танылған үш мектептің мәселесі де кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Жарма ауданының Суықбұлақ ауылында 100 орындық жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Ақсуат ауданындағы Екпін ауылында 300 орындық мектептің құрылысы басталады. Семейдегі №11 мектептің орнына жаңа мектеп салуға құжат әзірленіп жатыр.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ