Абай облысында 179 мектеп автобусы техникалық тексеруден өткізілді

Бүгінгі күнге дейін Абай облысы аумағында 179 мектеп автобусы техникалық тексеруден өткізілді. Тексеру жұмыстары облысқа қарасты барлық аудандарда жүргізілді.
Абай облысы Полиция департаментінің Әкімшілік полиция қызметкерлері балаларды қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз ету мақсатында жалпы білім беретін мектептердің директорларымен және спорт ұйымдарының басшыларымен бірқатар жұмыс кездесулерін өткізуде.
Кездесу барысында мектеп автобустарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттілігі ерекше атап өтілді. Атап айтқанда, көлік құралдарының:
тежеу жүйесі,
рульдік басқаруы,
жарықтандыру құрылғылары,
қауіпсіздік белдіктері,
апаттық шығу жолдары толық ақаусыз күйде болуы тиіс.
Сондай-ақ, автобустарда “Балалар” танбалық белгісі міндетті түрде орнатылуы қажет.
Полиция қызметкерлері жүргізушілердің кәсіби дайындығына да ерекше назар аударып, оларға жол қозғалысы ережелерін сақтау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жадынамалар таратты.