ҚоғамТОПШҚО

Даниал Ахметов: Қазақстан жергілікті заңдарды сақтайтын инвесторларды қолдайды

Ресей мен Қытайдың нарығына жақын орналасқан Шығыс Қазақстан облысы ірі шетелдік инвесторларды ерекше қызықтырады. Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметов шетелдік кәсіпкерлермен кездесуінде айтты, деп хабарлайды Semey News.

ШҚО әкімі Ұлан ауданында мал шаруашылығы фермасын салуға мүдделі шетелдік инвестормен кездесу өткізді. Компания өкілдері болашақ кәсіпорынның құрылысымен танысып, жобаны іске асыру үшін қажет бірқатар есеп жүргізді. Жобаның жалпы құны 250 млн АҚШ долларын құрайды.

Кездесуге қатысқандар жоба Шығыс Қазақстан облысының агроөнеркәсіп кешенін нығайтуға және дайын ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын дамытуға бағытталғанын атап өтті.

«Біздің географиялық жағдайымыз бен ірі елдер – Ресеймен және Қытаймен көршілестігіміз сөзсіз инвесторларды қызықтырады және тартады. Өйткені, өсірілген және қайта өңделген өнімдерді осы елдердің үлкен нарығына жеткізу жоспарлануда. Сондықтан, біздің өңірді таңдау – ең оңтайлы шешім», – деді Д.Ахметов.

Сондай-ақ, облыс басшысы мал шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобаның әлеуметтік маңызы жоғары екенін атап өтті. Өйткені, ферманы іске қосу өңір тұрғындарын жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді және өңір экономикасына қосымша кіріс кіргізеді.

«Біз ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемін ұлғайтуға мүдделіміз. Агробизнес – бұл жаңа жұмыс орындары, салық түсімдері және агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуы. Біз өз тарапымыздан шын ниетті екендерін көрсеткен инвесторларды қолдауға дайынбыз. Өздеріңіз білетіндей, жер қатынастары саласындағы барлық мәселелер жақында тұжырымдамалық тұрғыдан шешілді. Сонымен қатар, бізде шетелдік инвестицияларды қорғау туралы заң бар, оны біз қатаң орындаймыз және сіздер де соны басшылыққа алуларыңыз керек», – деп атап өтті әкім.

Кездесу барысында айтылған ақпарат бойынша жақын арада инвестициялық жобаның жол картасы әзірленеді. Онда құрылыстың мерзімі мен көлемі ғана емес, инвестор тарапынан жобаны қаржылық қамтамасыз етудің барлық механизмдері мен көздері де көрсетілетін болады.

Semey News

Осы айдарда

Back to top button