Абай облысыҚоғамМерекеТОП

[:kk]Абай облысының әкімі аруларды Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады[:]

[:kk]Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев әйелдер қауымын Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады, — деп хабарлайды Semeynews.kz.

Қымбатты ханымдар, ақ жаулықты аналар, қаракөз қарындастар!

Сіздерді мейірімділік пен ізгіліктің, сұлулық пен жылулықтың мейрамы 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын!

Дана халқымызда «Әйел – бір қолымен бесікті тербесе, екінші қолымен, әлемді тербейді» деген ұлағатты сөз бар. Өйткені халқымыз әрқашан әйел-ананы қастерлеген, ырыс пен ынтымақтың алтын діңгегіне балаған. Ана — өмірдің гүлі, тіршіліктің нұры, мейірім мен ізгіліктің жаршысы, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі, жақсылықтың бастауы.

Еліміздің сән-салтанаты мен еселі еңбегі, ұлы жеңістері мен бағындырған белестері де нәзік жандарға тікелей байланысты. Сол себепті, Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде ана мен бала қамқорлығына, олардың денсаулығына, әлеуметтік жағдайына, кәсіби өрлеуі мен тұлғалық қасиеттерін дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Өйткені, ер – елдің иесі болса, әйел – үйдің киесі.

Тал бойында Зере әжеміздің зеректігі мен Ұлжан анамыздың ұлылығы ұштасқан Абай елінің арулары – сіздерді көктемнің осынау шуақты мерекесімен құттықтай келе, зор денсаулық, мол бақыт тілеймін!

Жылдың әр күні сіздерге және жанұяларыңызға тек қана жақсылық пен игілік әкелсін!

Құрметпен,
Абай облысының әкімі Н.Ұранхаев[:]

Осы айдарда

Back to top button