
ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, ағымдағы жылдың 6 тамызында сағат 17:00 шамасында Үржар ауданындағы Сағат ауылынан 18 шақырым жерде қамыс өртенді. Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер барлау жүргізді. Сасықкөл көлі жағасындағы, өтуі қиын батпақты жердегі қамыс ашық отқа оранған. Өрт ошағына жету өте қиын болды. Өрт сөндірушілер, жергілікті атқарушы органның қызметкерлері, «Алакөл мемлекеттік табиғи қорығы» РММ жұмысшылары өртті сөндіруге бар күштерін салды. Өрт аумағын анықтау және өртті сөндірудің дұрыс бағытын таңдау мақсатында «Казавиалесохрана» мекемесінің «АН-2» ұшағы ұшырылып, ШҚО ТЖД және аумақтық орман шаруашылығының мамандары мониторинг жүргізді. Тұзды, батпақты жер және ұйытқыған жел өртті сөндіруді қиындатты. Судағы қамыстар жанды. Өрт сөндірушілер қайықпен барып, моторлы сорғылардың көмегімен жалынның бетін қайтарды. Алты күн бойы құтқарушылар мен әкімдіктің және қорықтың қызметкерлері күндіз-түні тілсіз жаумен күресті.
12 тамызда сағат 10:00-де 7000 га алқапты қамтыған өрт толықтай сөндірілді.
Өртті сөндіруге «Алакөл мемлекеттік табиғи қорығы» РММ 8 жұмысшы және 2 бірліктегі техника, ШҚО ТЖД жеке құрамынан 37 қызметкер және 4 бірліктегі техника, «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінен 4 жұмысшы және 1 автоцистерна, жергілікті органнан 3 қызметші және 1 бірліктегі техника жұмылдырылды.
Өрт шығуының себебі – отты ұқыпсыз пайдаланудан деген болжам қарастырылуда.
Semey News